Махаббат – бұл бір жаныңа шуақ себетін жарық сәуле. Сол адамның кейде өмірде болғаны үшін ғана бақыттысың.
Егер махабатты сапасына қарай сұрыптау керек болса, оның нарқын көтеретін сол адамның биіктігі, адамгершілігі ғана екенін түйсіну үшін де жылдар керек.
Сезім бар жерде махаббат та бар, әркім оны әлі жеткенше сезіне алады. Өресінің жеткен жеріне дейін көтере алады, түйсінеді, не болмаса байқамай өте шығады, махаббатын сөндіреді. Сөйтіп санада туған махаббат санада өледі.
Өтірік махаббат, шын махаббат деген болмайтын шығар. Ол ақша емес қой, жалғанын жасап алатын. Өмір бойы ізденетінің сияқты, бұл сезім де жетілдіруді, аялауды, кешіруді күтеді. Өйткені, оның да қызғаныш, «өзімдікі ғанасың» дейтін өктемдігі, өкпесі, қамқорлық күткен қатпарлары бар емес пе? Нағыз махаббатта ойдан құрастырылған ештеңе де болмайды. Бұл сенің – тағдырың, пешенеңе жазылған өз рахатың мен азабың. Ол сенің ең жақының, тіпті әйел болсаң – әкең сияқты, еркек болсаң – анаңдай қамқоршың, әлде жан досыңдай етене адам. Сен оны бүкіл болмысыңмен, көзіңнің қиығымен де, ту сыртыңмен де көре алатыныңды мойындашы. Ол сенің қасыңда болғанда ғана жаның жай табады, жоғалғаның табылғандай, рахат күй кешесің. Бір жағынан азатсың, бір жағынан ережесі жоқ ойын сияқты. Оң жағыңнан Ай туып, сол жағыңнан Күн шығып тұрғандай. Ал адам Күннен не талап етуші еді. Күннің бар болғаны үшін, шуағын шашып тұрғаны үшін де қуанбайсың ба?!
Егер де сен махаббатта жаңылыссаң, онда сен оны жәй ойлап таптың деп есептей бер, яки болмаса оның махаббат не махаббат емес екенін ажыратуға өмірлік тәжірибем мен ақылым жетпей қалды деп ойлай бер. Әсерге бөлену, өткеннен өш алу, алдамшы сезімдер мен неше түрлі махаббат хикаялары мен ғашықтар жайлы ертегілерге еліктеп, жаңылысу ғажап емес. Махаббат баспен ойлағанда ғана баянды болады деген қағидаға да алданбай-ақ қойыңыз. Жүрегін тыңдамаған нар жігіттердің де махаббатты бақай есептің жолына құрбандыққа шалып, күндердің күнінде бармақ тістеп жылағанын көресің…